Өскеменде заңсыз айналымнан 436 алкоголь өнімі тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — ШҚО-да заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

АҚШ-тың ЕО алкоголь өнімдеріне енгізген тарифтеріне бола 25 000 жұмыс орнының болашағы бұлыңғыр
Фото: Pixabay.com

«Алкогольсіз ауыл» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Өскемен қаласындағы сауда орындарының бірінде алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактісін анықтады.

Жүргізілген тексеру барысында жеке кәсіпкердің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін саудалағаны белгілі болды.

— Процессуалдық іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан жалпы саны 436 дана алкоголь өнімі тәркіленді. Оның ішінде 254 бөтелке күшті алкогольдік ішімдік және 182 сыра өнімі бар. Тәркіленген өнімдердің барлығы заттай дәлелдеме ретінде танылып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін жауапты сақтауға қойылды, — дейді тәртіп сақшылары.

Қазіргі уақытта алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бұрын Шығыс Қазақстанда 26 ауыл халқы ішімдіктен бас тартқанын жазған едік.