Өскеменде зергерлік бұйым сатушысы алтындарды өзі жымқырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының ірі сауда үйлерінің біріндегі бутикте зергерлік бұйымдарды сатушы болып жұмысқа орналасқан әйел сатуға қойылған алтындарды қолды еткені үшін заңға тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өскеменде зергерлік бұйым сатушысы алтындарды өзі жымқырған

2016 жылдың желтоқсан айында 40 жастағы сотталушы «ЦУМ» сауда үйіне зергерлік бұйымдарды сатушы болып жұмысқа орналасады. Алайда адал сауда жүргізудің орнына ол қылмыстық жоспар құрып, алтынды қалайша жасырын жымқырудың амалын ойластырған. Осы мақсатта әлгі әйел қаланың өзге нүктесіндегі «Әнуар» сауда үйінен екі күміс алқа сатып алып, алтынға жалатып өңдеп алады. Ал өзі сатып тұрған 60 және 90 мыңдық екі алқаның пломбасын ажыратып, алтынға жалатылған күміс алқаға жалғап қойған. Бір қарағанда алтыннан аумайтын бұйымдарды ай сайын тексеріп тұратын ревизорлар байқамай қалса керек.

Сотталушының екінші және үшінші қылмыстық әрекеті де сәтті жүзеге асады. Ал бутиктегі алтын бұйымдарды әйел базарда сатып, түскен ақшаны өз пайдасына жаратқан. Үш рет жасалған қылмыстық әрекет жәбірленушіге 2,8 миллион теңге шығын келтірген.

2017 жылдың сәуір айында жұмыстан шығып кеткен сотталушы Павлодар қаласына кетеді. Ол жақтан жұмыс таппай Алматыға аттанып бара жатқан жерінен құқық қорғаушылар оны темір жол вокзалында қолға түсірген.

Сотта жәбірленуші шығынға батқанын, сотталушының шығынды өтемегенін алға тартқан. Ал айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. №2 Өскемен қалалық соты іс-материалдарын зерттей келе сотталушыны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, оған жәбірленушінің шығынын толық өтеп беру міндеттелді.