Өскеменде жағымсыз иіс шығаратын қалдық орындары тазартылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласындағы Понтон көпірінің маңындағы жағымсыз иіс мәселесі 2018 жылы шешілуі мүмкін, деп хабарлайды altaynews.kz .
Қазір Өскеменде қалалық тазалау жүйелерін қайта жаңарту жобасының екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Жобаның екінші кезеңінде қала шетіндегі қалдық жинау орындарында жиналған сұйық қалдықтарды биогазға айналдыратын метантенктер резервуарларының құрылысы салынбақ. Дәл қазіргі уақытта қалдық жинау резервуарындағы сұйық қалдықтарға биоорганизмдер, химикаттар жіберу арқылы ондағы иіс шығаратын қалдықтарды жойып, иіссіздендіретін технологиялық әдіс енгізіліп жатыр. Қала шетіндегі Понтон көпірі мен Ахмер ауылы ортасындағы «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының он қалдық жинау нысанының бірінде қазір осы қанатқақты жоба іске асырылып, тәжірибеден өткізіліп жатыр.
Сонымен бірге «Өскемен су арнасы» кәсіпорны өзге елдердің кәріз тазалау тәжірибесінде қолданылып келе жатқан заманауи «Сулы кедергі» тәсілімен тазалау жобасын қолға алып жатыр. 2018 жылы кәсіпорын өздерінің инвестжобасы бойынша он қалдық жинау имаратының бәрін хош иістендіргіш қоспалар қосу жолымен жаңа тәсіл бойынша тазартуға кіріспек.