Өскеменде жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырушы ұсталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырушы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар Өскемен тұрғынын анықтады. Белгілі болғандай, ол есірткі зертханасын ұйымдастырып, пайда тапқан.
«Зертханаға айналған үйге санкцияланған тінту жүргізу барысында жедел уәкілдер ер адамның марихуана өсірумен айналысқанына көз жеткізді. Ыдыстағы есірткі өсімдіктері белгілі бір температура мен ылғалдылық сақталатын екі қосалқы бөлмеде өсірілген», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Тінту кезінде 154 түп марихуана анықталды. Есірткінің жалпы салмағы 19 келіні құрайды. Сот санкциясымен қамауға алынған 40 жастағы күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігіне (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.