Өскеменде жердің тоңы 1,5 метрге жеткен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» мекемесі мен ШҚО төтенше жағдай департаментінің мамандары, тоң мен қардың қалыңдығын жаппай өлшеуге кірісті. Өскеменнің аумағында жердің тоңы 1,5 метр күйінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шығыс Қазақстанда қардың қалыңдығын өлшеу жұмыстары қарқын алды. Наурыз айы туғанымен, әзірге өңірде ауа температурасы төмен тұр. Егер күн күрт жылынар болса, мұның соңы аулаларды су алуына әкеп соқтыруы мүмкін. Осы себепті жауапты мекемелер қар мен мұздың, жер тоңының қалыңдығын өлшеу шараларын жиілетіп отыр.
Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының хабарлауынша, қала аумағындағы жердің тоңы 150 сантиметрді құрап отыр. Былтыр осы уақытта тоңның қалыңдығы 57 сантиметр ғана болған. Соның өзінде жеке сектордағы ондаған көшеге су жайылу қаупі төнген.
Төтеншеліктер қару еру маусымына дайындықты күзде бастап кеткендіктен, штаттын тыс жағдайға дайынбыз деп отыр. Мердігер ұйымдардың күшімен бітелуі мүмкін арықтардың бәрі қара күзде аршылып, суағарлар тазаланған.
«Қазір жылда су басу қаупі төнетін аулалардың бәріне ескерту ақпараттары таратылуда. Тасқынға қарсы тұратын мекемелердің дайындығы да тексерістен өтіп жатыр. Бірнеше күннен кейін ТЖ басқармасы тәуліктік кезешілік орнатады. Аулаларды су алған жағдайда «Өскемен Водоканал» мекемесінен қосымша көмек дайын тұр» - делінген басқарма таратқан мәліметте.
Тоңның қалыңдығын ескере отырып, төтенше жағдай өкілдері Өскемен тұрғындарын қар еру науқанына дайын болуға шақырады. Мамандар ауладағы қарды үй іргесінен алысқа тасып, арық пен арналарды қоқыстан және мұздан уақтылы тазартуды сұрайды.
Дәл осындай өлшеу жұмыстары облыстың басқа аудандарында да жүріп жатыр. Ондағы негізгі мақсат - қар күйіндегі ылғалдың нақты мөлшерін анықтау. Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы мен «Казгидромет» мамандары Зайсан көлінің салалары мен Қара Ертістің қос алқабында, Күршім ауданындағы Ақбұлақ, Алтай елді мекендерінде Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында, Зайсан ауданының Дайыр ауылында қардың қалыңдығын өлшеу жұмыстарын жүргізді. Оның нәтижелері кейін нақтыланбақ.