Өскеменде жыл соңына дейін 600 иесіз итті аулауға 16,5 млн теңге бөлінді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде қараусыз жүрген жануарлардың санын реттеу бойынша жаңа келісімшарт жасалды. Мердігер ұйым 31 желтоқсанға дейін 600 итті аулап, вакцина салып, чиптеуге міндеттелген. Бұл жұмыстарға бюджеттен 16,56 млн теңге қарастырылған.

ит
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Мемлекеттік сатып алу құжаттарын талдау нәтижесінде келісімшарттың жалпы сомасын жоспарланған жануарлар санына бөлгенде, бір итке жүргізілетін кешенді жұмыстың құны 27,6 мың теңгені құрайтыны белгілі болды. Бұл қаражатқа мердігер жануарларды аулау, уақытша ұстау, вакцинациялау, сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуге, құжаттары тексерілгеннен кейін иесі табылған жағдайда жануарды оған қайтаруға міндетті.

Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, қызмет көрсетуші компания Астана қаласында тіркелген. Алайда тізілімде Өскемен қаласындағы қосымша мекенжайы да көрсетілген.

Сонымен қатар техникалық тапсырмада нақтылауды қажет ететін екі мәселе бар. Атап айтқанда, шығындар сметасында жануарларды зарарсыздандыру жұмыстары қарастырылғанымен, жүргізілетін операциялардың нақты саны көрсетілмеген. Бұдан бөлек, бюджеттік бағдарлама тек иттерді ғана емес, қаңғырған мысықтарды да аулауды көздейді. Алайда техникалық тапсырмада аулау және зарарсыздандыру жоспары тек 600 итке қатысты белгіленген.

Жоспарланған жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтау үшін мердігерге күн сайын орта есеппен 8-10 жануардан аулауға тура келеді. Бұл көрсеткіш демалыс күндерін де қамтиды. Келісімшарт талаптарына сәйкес, жұмысқа әрқайсысы үш адамнан тұратын кемінде екі мобильді бригада жұмылдырылуы тиіс. Ал қала тұрғындары мен ұйымдардан түскен өтінімдерге жауап беру уақыты 24 сағаттан аспауы керек.

Жануарларды уақытша ұстау орындарына қойылатын талаптар да қатаң белгіленген.

— Уақытша ұстау пунктінде жауын-шашыннан қорғалған, едені құрғақ әрі жылытылған үйшіктермен жабдықталған кемінде 50 вольер болуы қажет. Ірі иттердің әрқайсысына 5-6 шаршы метрден кем емес орын қарастырылуы тиіс. Жануарларды ұстау мерзімі 15 күнмен шектеледі. Осы уақыт ішінде олар азық-түлікпен, сумен және ветеринариялық көмекпен қамтамасыз етілуі керек, — делінген мемлекеттік сатып алу құжаттамасында.

Жұмыстың орындалуын бақылау және жалған есеп беруге жол бермеу мақсатында мердігер әр кезеңді фотоға түсіруге міндетті, яғни жануарды көшеден аулаудан бастап, ветеринариялық процедуралар мен вольерде ұстауға дейінгі барлық жұмыс тіркелуі тиіс. Фотоесептер жануарларды есепке алу журналымен бірге ай сайын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырылуы қажет.

Еске салсақ, бұған дейін СҚО-да ит-мысықты ұстап-асырау қағидалары өзгеретінін хабарлағанбыз.