Өскеменде жылу ақысы қымбаттады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жылу ақысының не себепті қымбаттағанын Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаментінен түсіндіріп берді. 

Өскеменде жылу ақысының қымбаттауына не әсер етті
Фото: pexels.com

Қалада осы айдан бастап жылу ақысы 7,8 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ жылудың құны тұрғын үйдің жалпы аумағына, есептегіш құралдардың болуына және үйдің тозу деңгейіне байланысты есептелетін болды.

Бұның себебін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Мүсіпова түсіндіріп берді. Оның айтуынша, өзгерістерге «Шығыс-жылу» мекемесі қызметкерлері еңбекақысының көтерілгендігі әсер еткен. Заң бойынша қызметкерлердің жалақысы өткен жылдағы орташа республикалық деңгейден төмен болмауы керек.

«Осы жылдың маусым айында 2023 жылдың статистикалық мәліметтері жарияланды. Соған сәйкес өндірістік персоналдың орташа айлық жалақысы 306 мың теңгені, ал әкімшілік персоналдың жалақысы 494 мың теңгені құрайды. Ал қаладағы жылу компаниясында өндіріс қызметкерлерінің жалақысы 26 пайызға, ал әкімшілік персоналдың жалақысы 22 пайызға өсіп отыр. Жылумен қамту мекемесінде жалақыны көтеру қажетті шара. 2024 жылдың қазан айына дейін осындағы өндіріс қызметкерлері 242 мың теңге мөлшерінде ғана еңбекақы алып келген», - дейді Жұмагүл Мүсіпова. 

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде тұрғындар жылу тарифін пәтердің әр шаршы метріне төлеуге қарсы шыққаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар