Өскеменде жоғалған 6 жасар бала табылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының полиция қызметкерлері жоғалған 6 жасар баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде жоғалған 6 жасар бала табылды

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 наурызда кешкі уақытта «102» жедел арнасына жергілікті тұрғын хабарласқан. Өз сөзінде ол 6 жасар ұлының жоғалып кеткенін жеткізді.

«Белгілі болғандай, аулаға ойнауға шығып кеткен бала сол күйі үйіне оралмаған. Әйел адам өз бетімен іздеп таба алмаған соң, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады. Бірден оқиға орнына жедел-іздестіру тобы келіп жетті», - делінген ақпаратта.

Полицейлер қандай да бір ақпарат бере алатын куәгерлермен сөйлесіп, саябақтарды, жастар жиналатын орындарды, дәмханаларды, тұрғын үйлердің кіреберістерін мұқият аралап шыққан. Соның нәтижесінде, «Қыран-5» экипажының қызметкерлері Азамат Есілбек пен Ермек Исаев баланы сауда үйлерінің бірінен тапты.

«Оқушы өз сөзінде ата-анасын ескертпестен достарымен бірге дүкенге барғанын түсіндірген. Қазіргі уақытта ол үйіне аман-есен жеткізілді», - деді басқарма бастығының бірінші орынбасары Орал Рыспаев.