Өскеменде жол апаты жиі болатын қиылысқа бағдаршам қойылмақ
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде жол апаты жиі болатын қиылысқа бағдаршам қойылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жаңа бағдаршам «Алматы-Өскемен» тасжолы мен Меновное ауылына қарай айналма жолдың қиылысына орнатылады. Бұл учаскеде жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі.
«Аталған жол қиылында оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бағдаршам қою туралы шешім қабылданды. Cондай-ақ кейбір көшелерге Т.11 типті бағдаршам орнатылмақ. Атап айтқанда, «+» тәріздес қызыл түсті жаңа бағдаршам Тоғас пен Аязбаев көшелерінің, Әуезов пен Жеңіс даңғылдарының, Абай даңғылы мен Тракторная көшелерінің қиылыстарында пайда болады», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, «+» тәріздес бағдаршам жүргізушілер үшін қарсы бағытта келе жатқан көліктерге қызыл жанып тұрғанын, сондықтан солға бұрылуға болатынын көрсетеді.