Өскеменде жүк көлігін жөндетпек болған ер адам алаяққа 4 млн теңге берген
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жүк көлігін жөндетпек болған ер адам алаяққа 4 млн теңге берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 43 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны тәртіп сақшыларына хабарласқан. Өз сөзінде ол алаяққа алданып қалғанын жеткізді.
«Ер адам жүк көлігін жөндеп беретіндігін айтқан танысына 4 млн теңге берген. Алайда, біршама уақыт өтсе де көлігі де жөнделмей, ақшасы да қайтпады. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полицейлер күдіктіні қолға түсірді», - делінген ақпаратта.
Жауап алу барысында 39 жастағы өскемендік өз кінәсін толықтай мойындаған. Алайда ақшаны қайтарып алу мүмкін болмады.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.