Өскеменде жүк көліктері соқтығысып, жолаушы көз жұмды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында соқтығысқан екі жүк көлігіндегі бір адам көз жұмып, екеуі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде жүк көліктері соқтығысып, жолаушы көз жұмды

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы қала іргесіндегі айналма жолда болған.

«ГАЗ 330210» маркалы жүк көлігінің 62 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, алдында келе жатқан «ГАЗ 53Б» көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан «ГАЗ 330210» көлігіндегі 36 жастағы жолаушы жәдел жәрдем көлігінде көз жұмды. Сол көліктегі жүргізуші мен 15 жастағы екінші жолаушы түрлі деңгейдегі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалып, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да жылқыны соққан көлік жүргізушісі қаза тауып, 4 жолаушы жарақат алғанын хабарлаған болатынбыз.