Өскеменде жүйкеге әсер ететін заттарды саудалаған ерлі-зайыпты ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында психотроптық заттарды саудалаған ерлі-зайыптыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде жүйкеге әсер ететін заттарды саудалаған ерлі-зайыпты ұсталды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 22 және 23 жастағы ерлі-зайыптылар Өскемен қаласының орталығында пәтер жалдап, әлеуметтік желілер арқылы есірткі саудасымен айналысқан.

«Белгілі болғандай, олар облыс орталығына Семей қаласынан келген. Полиция қызметкерлері күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу барысында электронды таразыларды, жарты миллион теңгеге жуық ақша және психотроптық заттар салынған полиэтилен пакеттерді тәркіледі», - делінген хабарламада.

Заңсыз жолмен пайда тапқан әйелі мен күйеуі өздерінің әр қадамын алдын ала жоспарлап алған. Есірткі сатудан түскен ақша отбасылық бюджетке құйылып отырды. Осылайша олар екі ай көлемінде есірткі саудалаған.

«Жалпы алғанда, есірткі сатушылардан «крис» және «меф» деп аталатын 700-ден астам бір реттік психотроптық зат тәркіленді. Оның «қара нарықтағы» бағасы 6 миллион теңгеден асады», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар Өскемен қалалық ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер заң бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.