Өскеменде жыл басынан бері 700-ден астам адам көктайғақта құлап, жарақат алды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында қаңтар айының басынан бері көктайғақ салдарынан 700-ден астам адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде жыл басынан бері 700-ден астам адам көктайғақта құлап, жарақат алды

ШҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы айдың басынан бері Өскеменде тұрғындар арасында көктайғақ салдарынан жарақат алып ауруханаға жүгінгендер көбейді. Нақты айтқанда, бүгінге дейін 700-ден астам адам зардап шеккен.

«Оның ішінде 310 адамның қолы немесе аяғы сынды. Жұртшылыққа тайғанап құлап, қандай да бір жарақат алған жағдайда бірден дәрігерлерге қаралу керектігін ескертеміз», - делінген ақпаратта.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қаңтарда, әсіресе айдың бірінші жартысында Өскемен көшелерінде көктайғақ болды. Бұған ауа температурасының жиі құбылуы себеп.