Өскеменде жылу мен су бағасы қымбаттайды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласы тұрғындары үшін шілде айынан бастап жылу мен су ақысы 10 пайызға қымбаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО табиғи монополияларды реттеу департаменті мен өңірлік сараптау комиссиясы «Өскемен жылу желілері» АҚ мен «Өскемен Су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының өтініштерін қарады. Енді алдағы шілде айының 1-інен бастап қала тұрғындары үшін коммуналдық қызметтер ақысы 10 пайызға көтеріледі. Бұл қаражат жылу желілерінің, сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің бірқатар учаскесін жөндеуге мүмкіндік бермек.
«Мамандар кәсіпорындардан, оның ішінде Өскемен және Согра жылу электр орталықтарынан түскен өтініштерді мұқият зерттеді. Жылу мен су тарифіне қатысты инвестициялық бағдарламалар уәкілетті органмен бекітілді. Бұл 2023 жылдың соңына дейін жабдықтар мен құбырларға жоспарланған жөндеу жұмыстары түгелдей аяқталады деген сөз», - дейді департамент басшысы Арман Мәлік.
Тариф қымбаттағаннан кейін аталған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысы республика бойынша орташа деңгейге дейін көтеріледі. Бұл кадр тұрақсыздығы мәселесін шешуге ықпал етпек.