Өскемендегі Понтон көпірі мамыр айының соңына дейін ашылуы тиіс

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында былтыр қараша айынан бері жартылай жабылған Понтон көпіріндегі ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Өскемендегі Понтон көпірі мамыр айының соңына дейін ашылуы тиіс
Фото: Өскемен қаласы тұрғындарынан

Бұл көпірдің қала үшін маңызы зор. Себебі ол Ертіс өзені арқылы өтетін екі ғана көпірдің бірі. Оның біршама уақыт жартылай жабық тұруы тұрғындардың наразылығын туғызған еді.
Бұған көпір астымен өтетін апатты жағдайдағы кәріз коллекторын ауыстыру жұмыстары себеп болған. Қос құбырдың бірі толық демонтаждалып, жаңасына ауыстырылды. Қазір ол сынақ кезеңінде.

— Екінші құбыр әзірге жұмыс істеп тұр. Оны өшіріп, жаңарту жұмыстары қысым басқа құбырға ауыстырылғаннан кейін басталады. Жұмыстар кезең-кезеңімен, жүйеге қауіп төндірмей жүргізіліп жатыр. Қос құбырды да мамыр айының соңына дейін толық ауыстыру жоспарланған. Көпірдің нақты ашылу уақыты қосымша хабарланады, — деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Өскемендегі Понтон көпірі мамыр айының соңына дейін ашылуы тиіс
Фото: Өскемен қаласы тұрғындарынан

Айта кетейік, қыс бойы көпірде жұмыс жүргізілмеді. Сонда да осындағы қозғалыс шектеліп, бұл жағдай қаладағы екінші Ертіс көпірінің жүктемесін арттырды. Соның салдарынан ұзын-сонар көлік кептелістері туындаған.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда Ертіс өзенінің үстінен салынып жатқан жаңа көпір 2027 жылы тапсырылатындығы хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар