Өскемендегі саяжайда өрт шығып, бір адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының орталығында саяжай үйінен өрт шығып, бір адам көз жұмды.
Оқиға «Старая Согра» ауданындағы «Прогресс» саяжай қоғамының аумағында болған.
Жазғы уақытта тұруға арналған үйден өрт шыққаны туралы хабарлама кезекші бөлімге түскен. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндірушілер жіберілді. Олар 64 шаршы метр аумақтағы ашық жалынды сөндірді.
Өрттен кейінгі үйінділерді аршу кезінде құтқарушылар үй иесінің денесін тапты. Марқұмның 1976 жылы туғаны анықталды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазір өрттің шығу себебі мен үй иесінің қаза болу мән-жайы анықталып жатыр.
— Тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, электр құралдары мен пеш жабдықтарын пайдаланған кезде мұқият болуға шақырамыз. Өрт шыққан жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу қажет, — деп ескертті ведомство.
Бұған дейін Қызылордадағы кафеде өрт шығып, екі жұмысшы күйіп қалды.