Өскемендегі жаңа жолайрық қашан толық пайдалануға беріледі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде көптен күткен жолайрықтағы көлік қозғалысы қайтадан бетон блоктар мен уақытша жол белгілеріне тірелді.

Өскемендегі жаңа жолайрық қашан толық пайдалануға беріледі
Фото: ҚР Үкіметі

Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жаңа жолайрықтың артықшылығын сезініп үлгерген жүргізушілер енді жол бөлігінің қайта тарылуына тап болды. Жол өткелінің жоғарғы бөлігімен қозғалыс біржақты тәртіпке ауыстырылды.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде құны миллиардтаған теңге болатын жолайрықтың құрылыс кезіндегі ақауларға байланысты шұғыл жөнделіп жатыр деген қауесет тарады. Алайда салаға жауапты ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Қазіргі шектеулердің негізгі себебі — шетелден жеткізілетін қажетті материалдардың кешігуіне байланысты туындаған технологиялық үзіліс.

Жаңа эстакадамен көлік қозғалысы құрылыс жұмыстары толық аяқталмай тұрып, сынақ режимінде мерзімінен бұрын ашылған. Мұндай шешім тұрғындардың өтініші бойынша қабылданып, жолдағы ұзын-сонар кептелісті азайтады деп көзделген. Алайда жолайрық іске қосылған кезде оның маңызды құрылымдық элементтері — бетонның температураға байланысты ұлғаюы мен тарылуын реттеп, көпірді бұзылудан қорғайтын арнайы деформациялық жіктер әлі жеткізілмеген еді.

— Қала тұрғындарының көптеген өтінішін ескере отырып, жолайрық құрылыс жұмыстары толық аяқталмай тұрып ашылды. Қазір онда деформациялық жіктерді орнату қажет. Бұл жұмыс технологиясы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен қозғалыс жолағының бірі жабылып, жұмыстар аяқталған соң келесі жолаққа ауыстырылады. Жіктер Еуропада тапсырыспен жасалған. Алайда оларды жеткізу мерзімі зауытта өндіру, логистика және кедендік рәсімдерге байланысты созылып кетті. Бұл — құрылыс барысындағы жоспарлы кезең. Қандай да бір кемшілікті түзету жұмыстары емес, — деп түсіндірді ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Гүлдана Ермекова.

Қазір құрылыс бригадалары көпір аралықтарын кезекпен жалғап жатқандықтан, жолайрық әлі де жұмыс істеп тұрған құрылыс алаңы саналады. Сондықтан мұнда көлік қозғалысына қатысты қатаң талаптар сақталуға тиіс.

Жүргізушілер үшін жылдамдыққа келесідей шектеулер қойылған:

  • жолайрықтың өзінде сағатына 40 шақырымнан;
  • эстакада астындағы айналма жолайрықта сағатына 30 шақырымнан асырмау керек.

Құрылыс техникасы мен уақытша шектеулерден жолайрық тек 2027 жылдың ортасында толық арылады.

Еске салайық, осыған дейін Шымкентте жаңа жолайрық ашылып, әуежайдың екінші ұшу-қону жолағы салынатыны хабарланған.