Өскемендегі 1947 жылы салынған жылу орталығы күрделі жөндеуді қажет етеді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы 1947 жылы салынған жылу электр орталығы күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Өскемендегі жылу электр орталығында штаттық кестеге сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Өңірдегі ең ірі жылу электр орталығында көмір қоры жеткілікті. Алдағы уақытта тағы да қатты отын жеткізу жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда. 1947 жылы салынған бұл орталық күрделі жөндеуді қажет етеді. Кәсіпорын басшылығы негізгі жабдықтарды ауыстыру бойынша инвестициялық бағдарлама ұсынды. Бұл ЖЭО-ның тозу деңгейін 2,5 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ № 16 қазандық агрегатын орнату жоспарлануда», - дейді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Оның айтуынша, жылу электр орталығының үздіксіз әрі тиімді жұмысы Өскемен тұрғындары үшін аса маңызды.
«Қала жыл сайын өсуде, тұрғын үй құрылысы қарқын алып, тұтынушылар саны да артып келеді. Сондықтан басты мақсат - жылу тапшылығының болмауын қамтамасыз ету. Өскемен қаласының әкіміне жылу беру маусымының басында ЖЭО өзіне алған барлық міндеттемелерді толық көлемде орындауы үшін жұмыс барысын жіті бақылауды тапсырдым», - дейді аймақ басшысы.