Өскемендегі кәсіпорында шыққан ірі өрт сөндірілді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы кәсіпорында шыққан ірі өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Путевая көшесінде орналасқан ЖШС-ның ангарында өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Тілсіз жау ангар ішіндегі жабдықтарға зақым келтірген.
«Құтқарушылар жалпы ауданы 290 шаршы метрге жеткен қызыл жалынды ауыздықтады. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – электр жабдықтарының апаттық режимде жұмыс істеуі себеп болған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, өртті сөндіруге жеке құрамнан 32 адам мен 11 техника жұмылдырылды.
