Өскемендегі қоқыс сұрыптайтын зауытта қатты тұрмыстық қалдықтардың 40%-ы қайта өңделеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы Қазақстанда баламасы жоқ қоқыс сұрыптайтын зауытта қатты тұрмыстық қалдықтардың 40%-ы қайта өңделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі қоқыс сұрыптайтын зауытта қатты тұрмыстық қалдықтардың 40%-ы қайта өңделеді

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде Қазақстанда баламасы жоқ қоқыс сұрыптайтын зауыт іске қосылған. Халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін зауыт қатты тұрмыстық қалдықтардың 40 пайызын қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

«Бұл экологиялық және тактикалық тұрғыда маңызды қадам. Өйткені бұған дейін қала тұрғындары қоқыс тақырыбын әртүрлі кездесулерде бірнеше рет көтерген. Автоматтандырылған желі барлық қалдықтарды қағазға, пластикке, металға және қайта өңделмейтін қалдықтарға - органикалық заттар мен қалдықтарға сұрыптайды», - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасады.

«Жаңа полигон салғаннан кейін ескінің барлық қоқыстары да сұрыптауға кетеді. Зауыттың өнімділігі сағатына 25 тоннаны құрайды. Бұл Өскемен үшін жеткілікті», - дейді аймақ басшысы.