Өскемендегі көлік құлаған шұңқыр әзірге бітелмейді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының әкімдігі шаһар шетіндегі үлкен шұңқыр тек күзге қарай бітелетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі көлік құлаған шұңқыр әзірге бітелмейді

26 сәуір күні Өскеменнің іргесіндегі Меновное ауылында «Приора» жеңіл көлігі жол шетіндегі терең шұңқырға құлап, төбесімен аударылып түскен болатын. Абырой болғанда көлікте жүргізушіден басқа адам болмаған. Құтқарушылар кептелген көлікті кранның көмегімен алып шыққан.

Қала әкімі Жақсылық Омар аталмыш шұңқырды бітеу әзірге мүмкін емес екенін айтады.

«Меновное ауылының су құбырларын жаңалау ондаған жылдан бері айтылып келе жатыр. Тұрғындардың көптен күткен арманы тек биыл іске асып жатыр. Сіз сұрап отырған шұңқыр сол су құбырын ауыстыру кезінде пайда болған. Біз оқиғаның қалай болғанын бейнежазбалардан қайталап көрдік. Көлік иесі қатты келіп, бұрылыста тізгінге ие бола алмай қалғаны айқын көрініп тұр. Ол азаматтан әзірге ешқандай шағым түскен жоқ» - дейді Ж.Омар.

Оның айтуынша, Меновное ауылының жүргізушілеріне күзге дейін бұрынғыдан мұқият бола тұруға тура келмек. Өйткені құбыр жаңалау жұмыстары аяқталғанша қазылған шұңқырлар толық бітелмейтін көрінеді.

«Жоба күзге қарай толық жүзеге асып бітуі тиіс. Пайда болған шұңқырлар сол кезде толық бітеледі» - дейді қала басшысы.