Өскемендегі құрылыс компаниясы ешқандай рұқсат алмай салынып жатқан үйдің қабатын азайтқан

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы құрылыс компаниясы ешқандай рұқсат алмай салынып жатқан үйдің қабатын азайтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі құрылыс компаниясы ешқандай рұқсат алмай салынып жатқан үйдің қабатын азайтқан

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі құрылыс компаниясы бірқатар заңсыз қадамдарға барған. Атап айтқанда, ешқандай рұқсат құжаттарын рәсімдемей салынып жатқан үйдің қабатын азайтып, халықтан пәтерлерді алдын ала брондау үшін ақша алған.

«Дейнека» компаниясына тоғыз қабатты үй салуға рұқсат берілген болатын. Алайда олар өз еріктерімен тек 6 қабатты үй салуға шешім қабылдаған. Бұл Өскемен қаласын дамытудың бас жоспарын бұзу болып саналады», - дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Компания өкілдері құрылысқа 800 млн теңге инвестиция құйғанын жеткізгенімен қала әкімдігі бұл қаражаттың 250 млн теңгеден аспайтындығын хабарлап отыр.

«Енді тұрғындармен қанша заңсыз брондау шарты жасалып, қанша адамнан ақша алынғанын егжей-тегжейлі тексерумен қалалық әкімдік пен прокуратура айналысады. Қадағалау органы қазірдің өзінде бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап отыр», - дейді облыс әкімі.