Өскемендегі трамвай қатынасы жазда жанданады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат -  Өскемен қалалық әкімдігінде «Трамвай паркі» ЖШС-на қатысты брифинг өтті. 26 ақпанда тоқтаған трамвайлар жазға қарай қайта жолға шығатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі трамвай қатынасы жазда жанданады

Айта кетейік, бұған дейін банк алдындағы қарызы бастан асқан Өскемен трамвай паркінің мүлкі саудаға қойылып, Ертіс әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сатып алған болатын. 

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген «Ертіс» ӘКК басқарма басшысы Антон Крамаренко мүлік қабылдау толық аяқталғанын атады.

«Трамвай паркінің бастапқы бағасы 853 миллион теңге болып белгіленген.  Аукцион нәтижесінде біз оны 443,5 миллион теңгеге сатып алдық. Қазір сатып алу-сату құжаттарын тіркетіп жатырмыз. 1-2 айдың көлемінде «Муниципиалды трамвай паркі» деген атпен заңды тұлға пайда болады»  -дейді Антон Крамаренко.

Оның айтуынша парк қызметкерлері соңғы 3 ай көлемінде айлықтарын алмаған. Оның жалпы жиыны 80 млн теңгеден асады. Сауда нәтижесі белгілі болғаннан кейін-ақ ұжыммен ресми кездесу өтіп, барлық жалақы берешегі кешікпей өтелетіні ескертілген.

«Ұжым осы күйінде сақталады. Бір де бір жұмыс орны қысқармайды. Өйткені қазіргі  14 трамвайдың үстіне Алматыдан тағы 13-ін әкелеміз. Сонда қала бойынша барлығы 27 трамвай жүретін болады» - деді Антон Крамаренко.

Корпорация өкілінің айтуынша, Алматыдан жеткізілетін трамвайлар да бұрын қолданыста болған. Олардың тағаны Өскемендегі трамвай рельстеріне сәйкес келгенімен, тұрқы 3 метрге ұзын көрінеді. Алматылық трамвайларды Шығыстың аязды климатына бейімдеу үшін қосымша жылыту қондырғылары қойылуы мүмкін. Антон Крамаренко болашақта бұл вагондардың орнын су жаңа трамвайлармен ауыстыру жоспарланғанын айтады. Муниципиальдық парк құрылып, қаржы бөлінгеннен кейін рельстер мен электр желілері де жаңартылмақ. Ал жаңадан құрылған парктің халыққа қандай тарифпен қызмет көрсететіні әзірге белгісіз. Корпорация басшысы әзірге бұл мәселенің басы ашық екенін атады.

Фото: chitalnya.ru