Өскемендегі жабайы жағажай заманауи спорттық саябаққа айналды
Жылдар бойы Ертіс пен Үлбі өзендерінің тоғысқан тұсын өскемендіктер жабайы жағажай ретінде пайдаланып келген болатын. Төтенше жағдай және санитарлық қадағалау органдары аталмыш аумақта суға шомылуға болмайтынын маусым сайын ескерткенімен, қаланың ішіндегі қолайлы орыннан жаз бойы жұрт арылмайтын. Жағалаудың маңында 20 гектар бос аумақ барын білген облыс әкімдігі аталмыш орынды барлық талапқа сай жағажай етіп жасап шығарды. Оған «Samal» деген ат берген. Саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

«20 гектардан астам аумақта арқан паркі, балаларға арналған жасанды тоған, балалар үшін жеке жағажай, шыңға өрмелейтін қабырға, трибунасы бар үлкен теннис корты, роллердром, баскетбол және футбол алаңдары жабдықталған. Қыста бұл алаңдар мұз айдыны мен скейтпаркке айналады. Бұл заманауи кешен балалар мен ересектерге дене шынықтыруға, спортпен айналысуға үлкен мүмкіндіктер ашады. Саябақ тек спортшылар үшін ғана емес, барлық дене шынықтыру әуесқойлары үшін салынған», - деді Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, саябақ аумағында тіпті, триатлон сайыстарын өткізуге болады. Оған қажетті жарақтар мен инфрақұрылым толықтай құрылған.

«Елді мекендерді абаттандырурға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Парктер мен демалыс орындары, аулалар абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт алаңдары орнатылуда. Бұл бағытта барлығы 180 жоба қолға алынған. Қазан айының басына дейін соның бәрі қолданысқа беріледі», - деді әкім.
Ал 2021 жылы облыс орталығындағы «Металлург» саябағы толықтай күрделі жөндеуден өткізілмек.
