Өскеменді «экологиялық апат аумағы» деп тануға арналған петицияға қатысты өңірдің бас экологы жауап берді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменді «экологиялық апат аумағы» деп тануға арналған петицияға қатысты ШҚО Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменді «экологиялық апат аумағы» деп тануға арналған петицияға қатысты өңірдің бас экологы жауап берді
Фото: gov.kz

Өткен айда Өскеменді «экологиялық апат аумағы» деп тану туралы петиция жарияланып, оған 10 мыңға жуық қала тұрғыны қол қойған. Бұл мәселеге қатысты ШҚО Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев жауап берді.

«Экологиялық кодексте немесе кейбір аймақтарға белгілі бір деңгей беру тәртібін реттейтін кез келген басқа заңнамалық актіде «экологиялық апат» деген ұғым мүлде жоқ. Техногендік немесе табиғи сипаттағы экологиялық апат деген бар. Техногендік апаттың мысалы – Семей ядролық полигоны, ал табиғи апат деп – Түркияда болған жер сілкінісін айтамыз. Петицияда қатерлі ісіктің көп тіркелуіне байланысты қаланы «экологиялық апат аумағы» деп тану туралы жазылған. Бірақ ол көрсеткішті ешкім басқа елдермен салыстырған жоқ. «Онда қалай? Ал ол немен байланысты?» деп ешкім зерттемеді», - дейді ол.

Данияр Әлиевтің айтуынша, қатерлі ісіктің себептерін анықтау үшін нақты әрі жан-жақты зерттеулер жүргізілуі тиіс.