Өскемендік келіншек Наурызда 3 ұлттың өкіліне дастархан жаяды

None
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде тұратын Оксана Калиакперованың әкесі татар, шешесі орыс, күйеуі қазақ. Олар отбасында жыл сайын үш ұлттың да мерекелерін атап өтеді. Оның ішінде әз Наурыздың орны бөлек. Қазақ келіні Ұлыстың ұлы күнінде үйде наурыз көже мен түрлі ұлттық тағамдарды әзірлеп, қонақ күтуді дәстүрге айналдырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Анам әулеттегі ең сүйікті келін»

36 жастағы Оксана Өскемен қаласында дүниеге келген. Бүгінде ол «Media Pro.kz» компаниясында видеомонтажер болып жұмыс істейді.

- Әке-шешемді достары таныстырған екен. Әкем анамды қатты ұнатып қалып, өз сезімін білдіреді. Алайда ата-апам әуелде екеуінің үйленуіне қарсылық танытқан. Себебі балаларының татар қызын ғана әйелдікке алғанын қалаған. Бірақ уақыт өте келе анамды ұнатып, келісімдерін берген. Сөйтіп, анам әулеттегі ең сүйікті келінге айналып кетті, - дейді Оксана Калиакперова.

Екі жарты бір бүтін болып қосылған жұбайлардың тұңғышы – осы Оксана. 1 жылдан кейін Равиль есімді атұстарлары жарық дүние есігін ашқан.

- Күйеуім Мираспен 2007 жылы жұмыста таныстық. Мен қаладағы «Калкен ТВ» телеарнасында видеомонтажер болып жұмыс істеп жүрдім. Ол бізге оператор болып жұмысқа орналасу үшін тағылымдамадан өтуге келді. Басшылық маған «Өзің оған камераны қалай ұстауды, жарықты қосуды, ракурсты ауыстыруды үйрет» деді. Осылайша, әріптес ретінде сөйлесіп жүрдік. 2008 жылы көңіліміз жарасқан соң кездесе бастап, 5 жылдан кейін үйлендік, - дейді әйел.

Оның айтуынша, алғашында әке жағынан туыстары тойға қарсы болды.

- Алайда жұбайымды жақынырақ танығаннан кейін баталарын берді. Мирас ақкөңіл, ақжарқын мінезді, әрдайым күлімдеп, өзгеге қолынан келгенше көмектесіп жүреді. Тойымыз жақсы өтті. Тек бір той жасадық. Қазақ, татар, орыс халқының салт-дәстүрлерін сақтадық. Беташар да болды. Той қыста өткендіктен аязға байланысты Ресей жақтан туыстарым келе алмай қалды, - дейді Оксана.

«Димашты тыңдағанды жақсы көреміз»

Ерлі-зайыптының екі баласы бар. Қыздары Самина 9 жаста, ал кенжелері Бахтияр 7-де. Отағасы қазір жеке кәсіппен айналысады.

- Жыл сайын қазақ, татар, орыс халықтарының мерекелерін атап өтеміз. Әсіресе, Наурыз, Құрбан айт, Сабантой, Масленица, Пасха мейрамдарын асыға күтеміз. Оның үстіне Ұлыстың ұлы күнінде енемнің туған күні. Үйде ет асып, наурыз көже мен бауырсақ пісіріп, қонақтарды қарсы аламын, - дейді кейіпкеріміз.

Осылайша, кең дастарханда үш ұлт жиналып, емен-жарқын әңгімелесіп, көңілді отырады.

Оксананың күйеуі отбасында кенже болғандықтан анасы қолында тұрады. Ал әкесі 2009 жылы қайтыс болған.

- Аналарымыз бір-бірімен өте жақын араласып кетті. Кездескен сайын құшақтасып, сыр ақтарысады. Отбасылық отырыстарда екеуі де, әкем де үнемі күліп, мәз-мейрам болады. Әкем өте қарапайым адам. Бәріміз Димашты тыңдағанды жақсы көреміз. Тіпті үйде күн сайын оның өлеңдері қосылып тұрады. Сонда да бір рет те жалығып көрген емеспіз. Димашты әкемнің де, шешемнің де туыстары тыңдайды. Жалпы оны бүкіл әлем жақсы көреді десек өтірік айтқандық емес, - дейді Оксана Калиакперова.

«Ұлымыз өрт сөндіруші болғысы келеді»

Мирас пен Оксана балаларына тұсаукесер жасап, ұлдарын сүндетке отырғызған. Қыздары Самина биге қатысып, Шығыс Қазақстан облыстық «Altai» телеарнасындағы балаларға арналған «TV-Kids» бағдарламасын жүргізеді. 2021 жылы ол «Наурыз Party» атты қалалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанған. Онда өз өнеріп көрсетіп, қазақ халқының салт-дәстүріне, тарихына қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап берген.

- Өзім бос уақытымда сурет салып, фитнеспен айналысамын. Ал жұбайым футбол ойнағанды жақсы көреді. Ұлымыз да әкесі сияқты доп тебеді, каратэге қатысады. Бахтияр өскенде өрт сөндіруші болғысы келеді. Ес білгелі осы мамандықты таңдап, әлі де сол ойынан бір айныған емес. Ал қызымыз ағылшын тілін меңгеріп, аудармашы болуды қалайды. Отбасымызбен жыл сайын қайырымдылық акцияларына қатысамыз. Мысалы, 1 қыркүйекте тұрмысы төмен жанұядан шыққан жеті балаға сөмкелер мен керек-жарақтарды алып береміз, Жаңа жылда да сыйлықтар жасаймыз, - дейді отанасы.

Жалпы ерлі-зайыпты жыл көлемінде мүмкіндігінше мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетіп, жұма күндері садақа беріп отырады.

- Сөз соңында барша халқымызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтағым келеді! Әз Наурыз әр шаңыраққа құт-береке әкелсін. Әрдайым елімізде, мұқым әлемде бейбітшілік болып, адамдар бір-біріне тек жақсылық жасасын. Ұлтқа, жерге бөлінбей, әрбір жанға жанашырлық таныта білейік, - дейді Оксана.


Соңғы жаңалықтар
telegram