Өскемендік волонтерлер блокпосттағы қызметкерлерге шай мен бауырсақ таратты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендік волонтерлер блок бекеттерде тұрған адамдарға ыстық шай мен бауырсақ ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Өскемендік волонтерлер блокпосттағы қызметкерлерге шай мен бауырсақ таратты

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты 2 сәуірден бастап Өскемен мен Семей қалаларына кіру-шығу жолдары жабылып, блокпосттар қойылды. Құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандарына, сондай-ақ әскери қызметкерлердің мойынына үлкен жауапкершілік жүктелді.

Оларға қолдау көрсету мақсатында шығысқазақстандық жастар «Жылу сыйла» акциясын ұйымдастырды. Сөйтіп, 15 волонтер блок бекеттерде күні-түні істейтін әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ медицина саласының қызметкерлеріне ыстық шай мен бауырсақ ұсынды.

«Біз біргеміз! Мұндай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Сондықтан да «Жылу сыйла« акциясын қолға алдық. Енді мұны Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында еңбек етіп жүрген әріптестерімізге жолдаймыз», - деді ерікті жастар.

Бұдан бөлек, шығысқазақстандық волонтерлар блок бекеттерге аялдаған жүргізушілерге коронавирус инфекциясынан сақтанудың жолдары көрсетілген жадынама таратты.