Өскемендік жігіт қымбат көлік ұрлаймын деп 2 млн теңге төлейтін болды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 20 жастағы өскемендік жігіт аулада тұрған «Toyota Land Cruiser» рұқсатсыз айдап кеткен. Онымен қоймай, соңына түскен полициядан қашамын деп, бетон бөгетке соғылып, көлік иесіне 2 млн теңге шығын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Өскемендік жігіт қымбат көлік ұрлаймын деп 2 млн теңге төлейтін болды

Шілденің 23-інен 24-не қараған түнінде «Toyota Land Cruiser» көлігі ұрланады. 42 жастағы көлік иесі ұрлық оқиғасы Мыза көшесінде болғанын мәмлімдеген. Бұл дабылға сақшылар да ерекше сақтық танытып, 10 минуттың ішінде күдіктінің соңына түседі. Полиция лейтенанттары Рустам Имамбаев пен Қайрат Елубаев ұрланған көліктің артынан қалмай ере берген. Қашқын Киров көшесіндегі аулалардың біріне тығылмақ болған кезде бетон бөгетке соғылып барып тоқтаса керек.

«Күдікті көліктен түсе қашпақ болған кезде ұсталды. Оның көлік есігін қалай ашқаны құпия күйінде қалып отыр. Салонда оталдыратын қосымша кілттер топтамасы болған. Сол арқылы  көлік оталған. Иесі соғылған көлікті жөндеуге 2 млн теңге сұрап отыр» - делінген облыстық ішкі істер департаменті таратқан ақпаратта. Осы іс бойынша Қылмыстық кодекстің 200 бабының 1 тармағы бойынша сот алды тексеру басталды.