Өскемендіктердің атынан несиеге тауар алып, оны сатудан 22 млн теңге пайда тапқан алаяқ ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен тұрғындарының атына тауарлық несие рәсімдеп, 22 млн теңге пайда тапқан алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендіктердің атынан несиеге тауар алып, оны сатудан 22 млн теңге пайда тапқан алаяқ ұсталды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, таныстарын әңгімеге тартқан 23 жастағы ер адам олардың атына несие рәсімдеп, ай сайынғы берешекті уақтылы төлеп отыратындығын уәде еткен. Содан кейін тұрмыстық техника саудалайтын дүкендерден несиеге тауар алады да, оны сатып, түскен ақшаны қалтаға басқан.

«Алғашқы айларда ол несиелерді шынымен өтеп жүрді. Бірақ, кейін барлық зардап шеккендерге мерзімі өтіп кеткен несие туралы қоңырау түсе бастады. Тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Тергеу барысында белгілі болғандай, алаяқтың арбауына 28 адам іліккен», - делінген ақпаратта.

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы – шамамен 22 миллион теңге. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 1-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.