Өскемендік жігіт Катонқарағайдың сұлулығын желі арқылы жұртқа көрсетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Соңғы күндері туған өлкесінің қысқы суретін әлеуметтік желіде жариялап жатқандар көп. Байқасаңыздар, бәрі мәтінге #Qazalemi хэштегін қойған. Бұған продюсер Нұрлан Қоянбаевтың бастамасымен жарияланған байқау себеп болып отыр.
Осы байқауға қатысып жатқандардың бірі – Өскемен қаласында тұратын Ерасыл Болатбеков. Ол Катонқарағай мен Тарбағатайдың қарағанда көз құмарын қандыратын көрікті жерлерін фото-видео түсіріп алуға бұрыннан әуес.

Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылында туып-өскен Ерасыл биыл орда бұзар отызға толған. Қазір Өскемендегі банктердің бірінде инкассация бөлімінде жұмыс істейді.
- Жұмысымыздың өзіндік қызықтары бар. Мұқияттылықты талап етеді. Себебі қасымызда үнемі мол қаржы жүреді. Бір орнында отырмаймыз. Әркез қозғалыстамыз. Қалада ғана емес, облыстың басқа аудандарына да жол тартып жатамыз. Шыққан сайын Шығыс Қазақстанның әсем табиғатына ғашық бола түсеміз, - дейді Ерасыл Болатбеков.

Ол жұмыстан тыс уақытта да табиғат аясына шығып демалғанды жақсы көреді екен. Сол кезде тылсымға толы табиғаттың түрлі көріністерін фотосуретке түсіріп алуға әуес.
- Қаланың қарбаласынан алыстап, тауға, орманға аяқ басқанда жаным жай табады. Әйтпесе газ жұтып шаршайсың ғой. Мұндағы саф ауамен тыныстап, кеуде сарайың ашылады. Күйбең тірліктің қам-қарекетін бір сәтке ұмытып, заңғар тауларға, жамырай сыбырласқан жасыл желекке қарап тынығасың. Маған әсіресе Катонқарағай ауданы ұнайды. Ол жақтың табиғатының кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек көру керек, - дейді Ерасыл.

Нұрлан Қоянбаевтың туған жердің қысқы көрінісін көрсету байқауы жайлы әлеуметтік желіден білген. Бірден қатысып көруге бел шешкен.
- Туған жерім Тарбағатай болғандықтан, бұл мекеннің таулары маған ерекше ыстық. Өлеңде: «Көк жиекпен ұштасқан, көз жеткісіз аумағы. Алтаймен қол ұстасқан – Тарбағатай таулары» деп сипатталатын Тарбағатай таулары мені табиғатқа ынтық еткен шығар, бәлкім? Алдағы уақытта Бурабайды көргім келеді. Көрікті жерлерін тамашалап, фотосуретке түсірсем деймін. Осындай байқаулар жиі өткізіліп тұрса деген тілегім бар. Себебі пайдасы мол. Қазақстанның әсем жерлерін жұрт біле түседі, сол арқылы ішкі туризм де дамиды, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны.

Өз сөзінде ол фотоға түсіргеннен бөлек тауда шаңғы тепкенді, суда жүзгенді жақсы көретінін жеткізді.
- Әйелім, екі қызым бар. Жұбайым да банкте жұмыс істейді. Сату бөлімінде сарапшы. Үлкен қызымыз 6-да, кенжеміз 2 жаста. Табиғатқа шыққанды отбасымызбен жақсы көреміз, - дейді Ерасыл.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Қазақстанның көрікті орындары туралы фото-видеолар көптеп жарияланып жатыр. Бұл бастаманы продюсер Нұрлан Қоянбаев көтерген.