Өскемендіктер емтихан тапсырудағы ұзын-сонар кезектің салдарынан жүргізуші куәлігін ала алмай жүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының тұрғындары емтихан тапсырудағы ұзын-сонар кезектің салдарынан жүргізуші куәлігін ала алмай әуре-сарсаңға түсті. Қараша айында емтиханға кіруге мүлде орын жоқ.
Автомектепті бітіріп, жүргізуші куәлігін алу үшін мамандандырылған ХҚО-ға келгендер емтихан тапсыра алмай жатқанына наразы.
«Порталда емтиханға тіркелу мүмкін емес. Қараша айына бос орын жоқ. Кейбіреулер Семей қаласына барып тапсырып жатыр. Ол жақта мұндағыдай кезек жоқ екен. Бірақ бәрі сол үшін көрші облысқа барып жүре алмайды», - дейді Ботакөз есімді қала тұрғыны.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, емтихан тапсыру үшін портал арқылы алдын ала жазылу қажет. Қазір расымен де қараша айына бос орын жоқ.
«Жүргізуші куәлігін алғысы келген адам теориялық немесе практикалық емтихан тапсыратын орынды, күнді және сағатты портал арқылы таңдайды. Практикалық емтиханды тапсыру үшін www.gov4c.kz сайтына тіркелесіз. Қазіргі уақытта өскемендіктер қараша айында өтетін емтихан уақыттарына түгелдей тіркеліп қойды. Осы апта ішінде желтоқсан айына тіркеу басталады», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырғандардан 40 млн теңге сыйақы алған ХҚО қызметкерлері сотталғаны хабарланған.