Өскеменнің «Алтайы» волейболдан Азия клубтық чемпионатын жеңіспен бастады

None
Фото: instagram.com/altayvc
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өскеменнің «Алтайы» Вьетнамда (Виньфук) волейболдан өтіп жатқан ХХІІІ Азия клубтық чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан чемпионы құрлықтық додада «В» тобында «Liaoning Donghua VC» (Қытай), «Diamond Food Fine-Chef Sport Club» (Таиланд), «Khuvsgul Erchim VC» (Моңғолия), «Hip Hing VB Club» (Гонконг) командаларымен бақ сынайды.

Юрий Панченко жаттықтыратын өскемендік арулар (команда капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова) алғашқы ойынын өз тобындағы мықтылардың бірі Таиландтың «Diamond Food Fine-Chef Sport Club» клубымен өткізді.

Өткен жылы Семейде «Алтай» дәл осы команданы топтық бәсекеде 3:0 есебімен тізе бүктірген еді.

Бұл жолы матч мүлде өзгеше өрбіді. Алғашқы екі партияда таилық клуб 25:21, 25:19 есебімен басым түсті. Өскемендіктерге жеңіліп қалу қаупі төнді. Дегенмен Ю.Панченко ойыншыларды алмастырып, бәсекеге тың серпін қоса білді. Бұдан кейін қазақстандықтар 25:22, 25:14, 15:11 есебімен бес партияда жеңіске қол жеткізді. Осылайша, бастапқы екі ұпайына ие болды. Ертең Ю.Панченко шәкірттері моңғолиялық клубпен алаңға шығады.

Қазақстан волейбол федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, «Алтай» осыған дейін клубтық Азия чемпионатына алты мәрте қатысып, соның екеуінде жеңімпаз атанып, бір рет қола жүлдені қанағат тұтқан еді.

Вьетнамдағы доданың топтық кезеңі бес күнге созылады. Өз топтарында бірінші және екінші орын алған клубтар жартылай финалға шығады. Ал қалған бес команда 5-9 орындарды сарапқа салатын болады. Финал мен үшінші орын үшін өтетін матч 2 мамырға жоспарланған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Алтай» командасының қатарынан жетінші рет Қазақстан чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар