Өскеменнің сауда, ойын-сауық орындары ерікті тексеруден өтеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендік төтенше жағдай мамандары сауда және ойын-сауық орталықтарының өкілдерін жинап, өрт қаіпсіздігі мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменнің сауда, ойын-сауық орындары ерікті тексеруден өтеді

Қаланың әкімі Қуат Тұмабаевтың бастамасымен өткен жиында аталмыш нысандарды өрт қаупіпсіздігіне тексеру кезінде жиі кездесетін олқылықтар аталды.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ақылбек Мұхаевтың айтуынша, өткен жылдың қазанында қаладағы танымал сауда орны саналатын «Мұзтау» кешенінде токпен қамту жүйесінен өрт шығып, 0,5 шаршы метр жерді от шарпыған. Халықтың қарасы үзілмейтін сауда үйінде мұндай жағдайдың болуы төтенше жағдай мамандарын қатты алаңдатқан екен.

Ал «Шығыс Таңы» базарының ет сататын бөлімінде тоңазытқыштан ақау шығып, 12 шаршы метр аумақ өртенген. Өртке тағы да электр құрылғының дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған.

Қала әкімі Ресейдің Кемерово қаласындағы жағдайдан сабақ алу керектігін атай келе, кәсіпкерлерді өз меншігіндегі кешендерді ерікті тексеруден өткізуге шақырды. Бұл бастаманы кәсіпкерлер де бірауыздан қолдады.

«Қалалық төтеше жағдайлар департаменті сауда және ойын-сауық орталықтарын ерікті түрде тексерту туралы өтініштер қабылдай бастады. Кәсіпкерлік кодексінің 137 бабына сәйкес, мұндай тексеру кезінде кемшіліктер анықталған жағдайда оны жою туралы ұсыныс ескертпе ғана айтылады. Есесіне өрт қауіпсіздігі қаншалықты сақталатынын ашық көруге болады» - дейді Ақылбек Мұхаев.

Мәжілісте аталмыш нысандардың күзет қызметін жетілдіру жайы да сөз болды.