18:30, 19 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Өскеменнің теміржол вокзалын мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Өскемен-1» вокзалы келер жылы күрделі жөнделіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қондырғылар орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Вокзал ғимаратында жуырда ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Дегенмен, өздігінен жүріп-тұруға қиналатын жандарға қолайлылық жағы қарастырылмаған.
«2019 жылдың қаңтарында «Өскемен-1» стансасында «Цифрлық вокзал» жобасы іске асырылады», - дейді «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Семей магистральдық желі бөлімі» директорының орынбасары Ерлан Битеміров. Оның айтуынша, жоба аясында вокзалдар вандалдарға қарсы көмек шақыру батырмаларымен, тактильді пиктограммамен, ғимаратқа арналған тактильді-дыбыстық сызбалармен, жолаушыларға арналған шұғыл байланыс қондырғыларымен, Брайль әліппесіне негізделген бедерлі тақтамен, навигация мониторларымен, арбаларды вагонға шығаратын көтергіштермен жабдықталады.