Өскенбаев пәтер сұрап, көшеге шыққан аналарға: Сабырлық сақтау керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы үш жылдың ішінде көпбалалы отбасылардың пәтер мәселесі толықтай шешіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, министрлік көпбалалы аналардың баспана мәселесін екі жолмен шешіп жатырмыз. Атап айтқанда, алдымен «Бақытты отбасы» бағдарламасымен несие алып, үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Ал егер аталған бағдарламамен несие алып, пәтер сатып алуға табысы жетпесе, онда мұндай отбасыларға алдағы жылдардың ішінде жалға берілетін тұрғын үйлер салынады. Қазіргі уақытта көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрған 40 мың адам бар.

«Жыл сайын 6 мың пәтер салмақпыз. Биыл ондай 8 мың үй салынады. Келесі үш жылдың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының (ҚР Президенті Тоқаев) тапсырмасына сәйкес баспана кезегі мәселесін шешеміз. Сондықтан сабырлық сақтау керек. «Бақытты отбасымен» пәтер алуға мүмкіншілігі жоқ отбасыларды үш жылдың ішінде үймен қамтамасыз етуге дайынбыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Осы ретте бірінші вице-министр баспана сұрап, көшеге шығып жүрген көпбалалы аналардың да жағдайын түсінуге болатынын айтты.

«Олар қазір алсам екен деп ойлап отыр. Бірақ сабырлық сақтау керек. Жергілікті әкімшілік белгілеген кезек бар. Ол кезектің алдына ешкім шыға алмайды. Пәтерді менде, министр де, Үкімет басшысы да бере алмайды. Өйткені заң бар. Заңға сәйкес сіздің алдыңызда 1 мың адам тұрса, олардан бұрын сіздің жағдайыңызды ойлап мен қалай берем. Ондай қолымнан келсе, көрінген адамды тыға беремін ғой. Бекітілген тәртіппен, кезектен үйлерді күту керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар