Ослода Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні атап өтілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 қыркүйекте Осло қаласында Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) Қазақстанда құру туралы Қазақстан Республикасы және МАГАТЭ арасындағы келісімге қол қоюға және 29-шы тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтуге байланысты салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Ослода Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні атап өтілді

Іс-шараға Норвегияның СІМ қызметкерлері, Норвегияның саяси, іскер, қоғамдық және сарапшылар тобыныңі ірі бизнес өкілдері, сонымен қатар «Thor Energy» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы, «Statoil» компаниясының, DNB банкінің, «Industrifinans» инвестициялық қорының басшылары қатысты.

ҚР Норвегиядағы Елшісі Қайрат Әбусейітов іс-шараны аша отырып, Қазақстан ядролық қару сынақтарын тоқтату бағытында дәйекті түрде жұмыс істейтінін және халықаралық деңгейде қауіпсіздік саласындағы әр түрлі бастамаларды алға жылжытатынын айтты. Олардың қатарында - ядролық қарудан бас тарту, Семей полигонын жабу, БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауын тапқан 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы бастамасы, АТОМ жобасы, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру.