Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Острые козырьки» жұлдызы Астананың кең көшелері мен адамдарына тәнті болды

АСТАНА. KAZINFORM – «Острые козырьки» сериалында Артур Шелби рөлі арқылы танылған британдық актер Пол Андерсон Астанаға келді және өзін ерекше әсерге бөлеген жайттар туралы сұхбат берді.

Пол Андерсон
Фото: Адия Абубакир/Kazinform

Comic Con Astana фестивалінде өткен баспасөз мәслихатында актерден Қазақстанда тосын көрінген немесе мәдени алшақтықтар туралы сұрақ қойылды. Андерсонның айтуынша, ешбір мәдени алшақтықты сезінбеген. Дегенмен Астананың кең көпжолақты көшелері мен жергілікті тұрғындардың сыпайы қарым-қатынасы ерекше назар аударарлық екенін айтты.

Пол Андерсон
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

– Мен Оңтүстік Лондоннанмын. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі ұлт өкілдері тұратын өте көпұлтты аудан. Сондықтан мәдени таңданыс болған жоқ. Бірақ елдің өзі мені қатты таңғалдырды, әсіресе өте ауқымды. Мұнда төрт-бес жолақты өте кең көшелер бар. Бұған дейін де айтқанмын: мұны мақтау ретінде қабылдайсыздар ма, білмеймін, бірақ Қазақстан маған көп жағынан АҚШ-ты еске салды. Шынымен де, елдеріңізден ерекше әсер алдым, – деді актер.

Пол Андерсон
Фото: Виктор Федюни/Kazinform

Т.Андерсонның айтуынша, тағы бір ерекшелік – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау мәдениеті. Оның сөзінше, өзі өскен ортада адамдар әлдеқайда қатқыл сөйлеп, балағат сөздерді жиі қолданады.

– Мұндағы адамдар маған өте мейірімді, ақжарқын болып көрінді. Жалпы, бұл жерде бірде-бір дөрекі адамды кездестірмедім. Бізде адамдар кейде бір-бірімен агрессивті сөйлесіп, балағаттасып жатады. Мұны теріс мағынада түсінбеңіздер, жай ғана бізде солай қалыптасқан. Ал мұнда ешкім тіпті жол-жөнекей де балағат сөз айтпайды, – деді ол.

Мысал ретінде актер Гэри Олдман түсірген «Не глотать» («Nil by Mouth») фильмін еске алды. Бұл туынды Оңтүстік Лондондағы жұмысшы таптың өміріне арналған.

– Меніңше, Олдман фильмге осындай атау беру арқылы белгілі бір ойды жеткізгісі келген. Жұмысшы тап өкілдері, әсіресе лондондықтар, аса бай сөздік қорымен ерекшеленбейді. Сондықтан біз балағат сөздерді жиі қолданамыз. Қазір ол сөздерді қайталамай-ақ қояйын, бірақ шынымен солай сөйлейміз. Ал мұнда мені адамдар, жанкүйерлер және олардың эмоциясы таңғалдырды. Бұған дейін ешқашан өзімді осыншалықты жылы қарсы алынған қонақ әрі соншалықты жайлы сезінген емеспін, – деді актер.

Пол Андерсон
Фото: Виктор Федюни/Kazinform

Андерсон Қазақстанда ұйымдастырылған Comic Con фестивалінің деңгейіне де жоғары баға берді.

– Қазір сіздер менің алдымда отырсыздар және айтқандарыма тәнті болып отырған шығарсыздар. Бірақ мен біреуге ұнау үшін жай ғана жақсы сөз айтатын адамдардың қатарынан емеспін. Мен туралы не жазсаңыздар да өз еріктеріңіз. Мен қандай болсам, сол қалпымдамын, өзімді басқа адам етіп көрсетуге немесе рөл ойнауға тырыспаймын. Сондықтан шын көңілмен айта аламын, бұл – мен қатысқан Comic Con фестивальдерінің ең үздігі, – деді Т.Андерсон.

Айта кетейік, «Острые козырьки» сериалында Артур Шелби рөлін сомдап, сондай-ақ The Revenant («Выживший»), Legend («Легенда») және Sherlock Holmes: A Game of Shadows («Шерлок Холмс: Игра теней») фильмдері арқылы танылған британдық актер Пол Андерсон Comic Con Astana фестивалінің басты хедлайнерлерінің бірі болды.

Айта кетейік, Comic Con Astana 9 тамызға дейін жалғасады. Фестиваль басталған алғашқы күні іс-шараға 16 мың адам қатысқан.