Освенцимде осыдан 65 жыл бұрын концлагерь тұтқындары жазған хат табылды
КРАКОВ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат – Освенцимде осыдан 65 жыл бұрын концлагерь тұтқындары жазған хат табылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. «Азаттық» радиосының ақпараты бойынша, хатты мектеп ғимаратының қабырғаларының бірін бұзу кезінде жұмысшылар тапқан. Соғыс кезінде бұл мектеп Аушвиц-Биркенау концлагерінің құрамына кірген екен. Шыны шөлмекке салынған цемент қаптың жапсырма қағазына қарындашпен: «1944 жыл қыркүйектің 20-сы, Освенцим концлагері» деген жазумен қоса, жеті тұтқынның - алты поляк және бір француздың жеке нөмірлері мен аты-жөндері жазылған. Аушвиц-Биркенау концлагері 1942 жылы құрылған. Онда 1 миллион 100 мың тұтқын азапталып, өлтірілген. Олардың ішінде еврейлер, поляктар, сығандар, кеңестік әскери тұтқындар мен басқа да елдердің азаматтары болған.