Осы аптада жолаушылар пойыздары жазғы қозғалыс кестесіне ауысады

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2013 жылдың 26 мамырынан бастап жолаушылар пойыздары жазғы қозғалыс кестесіне ауысады.

Осы аптада жолаушылар пойыздары жазғы қозғалыс кестесіне ауысады

«Жаңа кестені жасау кезінде жолаушылардың барлық талап-тілектері ескерілді. Кестеге еңбек демалысы мен шәкірттер демалысы кезінде сапарлайтын жолаушылардың сұраныстарына орай маусымдық маршруттар енгізілген. Оған №483/484 Астана - Адлер бағыты секілді жаңа маршруттар мен қосымша вагондар қосылып, №151/152 «Алматы-Петропавл» бағытындағы жаңа жүрдек пойызы белгіленді. Сонымен қатар, кестеге күнара жүретін «Алматы-Атырау» қатынасындағы «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған жаңа жүрдек маршрут секілді жаңашылдықтар да енді»,-деп хабарлайды аталған АҚ-ның баспасөз қызметінен.

Жолаушылар пойыздарының қозғалысы кестесіндегі барлық өзгерістер, қосымша вагондарды, құрамдар мен жаңа маршруттарды қосу, станциялар бойынша пойыздардың келуі мен кетуі жайлы ақпараттарды www.temirzholy.kz сайтынан немесе темір жол вокзалдарының кассалары мен анықтама қызметтерінен алуға болады.