Осы айда жеке сот орындаушысы қызметінен үміткер азаматтардан құжат қабылдау науқаны басталады
АНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанда жеке сот орындаушылары институтын енгізу аясында наурыздың екінші жартысында жеке сот орындаушысы қызметінен үміткер азаматтардан құжат қабылдау науқаны басталады.
Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Қазақстан Республикасында жеке сот орындаушылары институтын енгізу» тақырыбындағы халықаралық семинарда ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің басқарма бастығы Ғалымбек Смағұлов мәлім етті.
Жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру басқармасына жетекшілік етіп жатқан Ғ.Смағұлов хабарлағандай, өткен жылы қабылданған «ҚР Сот орындаушыларының мәртебесі және атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға сәйкес елімізде жеке сот орындаушылары институтын енгізу қарастырылған. «Қазақстан ТМД елдері ішінде бірінші болып жеке сот орындаушылары институтын енгізіп отыр. Қазақстандық институтың негізгі ерекшелігі - жеке сот орындаушыларының қызметі мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жүргізіліп, осы екі сала бір-бірін толықтырыратын болады. Сотқа жүгінген азаматтар сот орындаушысын өз қалауы бойынша таңдайтын болады. Жеке сот орындаушылары болса, тараптардың бірі мемлекет болып табылатын құжаттардан басқа барлық сот актілерімен айналыса алады», - дейді Ғ.Смағұлов.
Комитет өкілі атап көрсеткендей, наурыздың екінші жартысынан бастап ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитеті жеке сот орындаушысы қызметінен үміткер азаматтарға лицензия беру бойынша құжат қабылдауды бастайды. Қабылдау науқанының алғашқы кезеңінде 200 лицензия беру көзделген. Ал жылдың аяғына дейін 400 жеке сот орындаушысына арнайы рұқсат беру қағаздары табысталмақ.
Айта кетейік, заңға сәйкес жеке сот орындаушысы қызметінен үміткер мамандарға бірнеше талап қойылып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтығының болуы, 25 жасқа толуы, біліктілік емтиханын тапсыруы, бір жылдық тағылымдамадан өтуі, лицензия алуы және конкурстық іріктеуден өтуі. Осы орайда алғашқы жылдары жеке сот орындаушыларын бесжылдық еңбек өтілі бар атқару өндірісі қызметкерлердің, сондай-ақ он жылдық еңбек өтілі бар прокурорлар мен судьялардың қатарынан алу қарастырылған.