Осы сәттерде Әл-Куәйт қаласында Қазақстанда туы желбірейтін 7-Қысқы Азия ойындарының Алауын тұтандыру салтанаты өтіп жатыр

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Осы сәттерде Әл-Куәйт қаласында 2011 жылдың 30 қаңтарында Қазақстанда туы желбірейтін 7-Қысқы Азия ойындарының Алауын тұтандыру салтанаты өтіп жатыр.

Осы сәттерде Әл-Куәйт қаласында Қазақстанда туы желбірейтін 7-Қысқы Азия ойындарының Алауын тұтандыру салтанаты өтіп жатыр

Онда сөз алған Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті Шейх Ахмад әл-Фахад ас-Сабах Қысқы Азия ойындарын Қытай мен Жапониядан кейін өзінде қабылдап отырған Қазақстан Республикасының спортшыларына сәттілік тіледі.

Шейх Ахмад әл-Фахад ас-Сабах өзінің құттықтау сөзінде 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Қазақстанда өтетін 7-Қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде өткізуге тілектестігін білдіре келе, 1996 жылы Азия ойындарында тамаша өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 2-рынға ие болған Қазақстанның Азия ойындарында, жалпы Азия Олимпиадалық қозғалысында алатын орны ерекше екендігін айтты.

АОК президенті сондай-ақ, Қытай мен Жапониядан кейін алғаш рет ауқымы үлкен осындай шараны қабылдап отырған Қазақстан Республикасының спортшыларына сәттілік тілеп, әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан Ойындарды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін жәрдемін аямаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке алғысын білдірді.

«Жалпы Қазақстан жеңіс дәстүрі қалыптасқан мемлекет. Қазақстан Азия ойындарының спорт тарихына жарқын жетістіктері арқылы алтын әріптермен жазылып қалатындығына сенімім мол», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Ақ Азиаданың Алауын қабылдап алушы қазақстандық делегацияны Әл-Куәйтке ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов бастап барды.