Осы сессия барысында Үкіметке жолдаған сауалдарымның басым көпшілігі мемлекеттік тілге қатысты болды - Мәжіліс депутаты
АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Менің осы сессия барысында Үкіметке жолдаған сауалдарымның басым көпшілігі мемлекеттік тілге қатысты болды», дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл. Бұл мәселе жөнінде ол бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың сөзіне қарағанда, Үкіметке жолданған сауалдардың барлығына тиісті жауаптар келген. «Сол мәселелер Премьер-Министрдің жанындағы мемлекеттік комиссияның отырыстарында қаралды. Ондағы біздің мәмілеге келген мәселелеріміз тіл заңының 23-ші бабына байланысты болды. Ол бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мемлекеттік тілді білетін қызметкерлердің тиісті тізімі жасалды. Егер Үкімет пен өзге де құзырлы органдар бізге берген уәделерін орындайтын болса, аталған тізім алдағы сессияда, яғни күзде Парламентте қаралатын болады. Ол мәселе бойынша тиісті заңдарға өзгерістер енгізіледі. Біз
осы мәселені жүзеге асырсақ, халықпен бетпе-бет жұмыс істейтін көптеген қызмет өкілдері міндетті түрде мемлекеттік тілде сөйлейтін еді. Бұл мәселенің басты ерекшелігі де осында», деді депутат.