Осы сессияда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы қабылдануы керек - Орал Мұхаметжанов
ТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Осы сессия барысында Парламент «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын қабылдауы керек.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлім етті.
«Алдағы сессиядағы депутаттардың заң шығару қызметіндегі басым бағыттардың бірі отандық бұқаралық ақпарат құралдарын және үкіметтік емес ұйымдарды дамыту болып отыр. Осы сессия барысында Парламент «Телерадио» хабарларын тарату туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобаларын қабылдауы қажет»,-деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар ол, «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңның жаңа редакциясын және «Арнайы мемлекеттік органдар туралы» заң жобасын қабылдау шаралары алда тұрғанын қадап айтты. Мұнымен қоса О. Мұхамеджанов күнтәртібіндегі «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және жуық арада келіп түсетін «Энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заң жобаларын жедел қарап, қолданысқа енгізу керектігін атап өтті.