16:20, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Осы жексенбіде футболдан Қазақстанның жастар құрамасы Черногориямен ойнайды
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Маусымның 7-де футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстанның жастар құрамасы 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында кезекті кездесуін өткізеді.
Алматыда біздің команда Черногориямен ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Футбол федерациясына сілтеме жасап. Бұл Қазақстан жастар құрамасының іріктеу турнирі аясындағы үшінші ойыны. Жерлестеріміз алғашқы ойынын ағымдағы жылғы наурыздың 29-да сырт алаңда Израильмен өткізіп, 1:1 есебімен тең түскен болатын. Одан кейін өз алаңында Болгарияны 2:0 есебімен жеңді. Айта кетейік, Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстанның жастар құрамасы Израиль, Швеция, Болгария және Черногория құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетуде. Екі ойынан кейін 4 ұпай жинаған футболшыларымыз әзірге өз тобында 1-ші орында келеді. Іріктеу турниріне барлығы 52 команда қатысуда. Дания чемпионатты ұйымдастыратын ел болғандықтан, бірден финалға жіберілді. Қалған командалар он топқа бөлінді. 2009 жылғы наурыздың 28-де басталған, 2010 жылғы қыркүйектің 7-де аяқталатын іріктеу турнирінде топтардың әрқайсында екі айналымнан тұратын ойындар өтеді. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша әр топтың жеңімпазы және нәтижелері үздік екінші орын алған төрт команда плей-оффқа өтіп, жеті жұпты құрады. Бұл кезеңде сәтті ойнаған жеті жұптың жеңімпаздары Даниядағы финалдық турнирге жолдама алады.