Осы жолы каратэші екенімді көрсетудің қажеті жоқ - Жамбыл Ахметбеков

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков осы жолы жеке қабілеттерін насихаттамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Осы жолы каратэші екенімді көрсетудің қажеті жоқ - Жамбыл Ахметбеков

«Енді, біраз адамдардың есінде шығар, 2011 жылы мен президенттік сайлауға қатысқанмын. Сол кездегі бағдарлама бойынша өзімді кім екенімді елге таныту үшін кейбір технологияларды қолданып, каратэмен айналысатынымды, шығыс жекпе-жегін меңгергенімді, спортмен айналысатынымды көрсеттім. Бұдан бөлек, музыка мен өнерге жақын екенімді, ауылдан шыққанымды - бәрін-бәрін көрсетіп үлгердім. Енді, осы жолғы науқанда бұның бәрі қажет емес. Бұқаралық ақпарат құралдары оны қажет ден санайтын болса, өткен сайлаудың сайтынан алып, оны фрагмент ретінде қолдануға болады», - деді Ж.Ахметбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында.

Коммунистің айтуынша, алдағы сайлауда әлеуметтік және экономикалық мәселелерге басымдық беріледі. Сол арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру керек. Осыған байланысты кандидаттың жеке қабілеттеріне мән берілмейді.

Айта кетейік, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Жамбыл Ахметбековты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеп, оған кандидаттың куәлігі ресми түрде табысталды.