12:26, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Осы жылдың 4-ші тоқсанда Түркіменстан шекарасымен шектесетін Өзен теміржол желісінің құрылысы басталмақ
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан тарапы осы жылдың 4-ші тоқсанынан бастап Түркіменстан шекарасымен шектесетін Өзен теміржол желісінің құрылысын салуды бастайды.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп өтіп жатқан Теміржол ынтымақтастығы ұйымы министрлер кеңесінің 37-ші сессиясында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан, Түркіменстан және Иран мемлекеттері басшыларының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 4-ші тоқсанында республикалық бюджет есебінен Түркіменстан шекарасымен шектесетін Өзен теміржол желісінің құрылысы басталады. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің бір бөлігі болып табылатын бұл желі Қазақстанды Парсы шығанағы елдерімен тікелей байланыстыруды қамтамасыз етеді», - деді сессияда Ә. Құсайынов. Айта кетейік, Өзен ? Түркіменстан шекарасы теміржол желісі Қазақстан, Түркіменстан және Иранның бір мезгілде іске асырып жатқан Өзен (Қазақстан) ? Қызылқия ? Берекет ? Этрек (Түркіменстан) ? Горган (Иран) жобасының бөлігі болып табылады. Аталған теміржол арқылы Қазақстанның Түркіменстан, Иран және Парсы шығанағы елдерімен тікелей байланысы қалыптасады. Пайдаланудың бірінші жылында тасымал көлемі 5,5 млн. тоннаға дейін жетеді деп жоспарлануда. Өзен-Берекет-Горган теміржолының жалпы ұзындығы 678 шақырым, оның 138 шақырымы Қазақстан аумағында жатыр. Жалпы бұл желінің құрылысын 2012 жылы аяқтау жоспарланып отыр.