18:42, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Осы жылдың төртінші тоқсанында Өзен ?Түрікменстан шекарасы теміржол желісінің құрылысы басталады
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Соңғы жылдары теміржолда желілердің уақытында күрделі жөндеуден өткізілмеуі салдарынан апатты оқиғалар, жолдан шығып кету жағдайлары көбірек байқалады.
Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 14,3 мың шақырымды құрайтын теміржолдың 2,3 мың шақырымы, яғни, 20 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қозғалмалы құрамның 70 пайызының тозығы жеткен. Бұл мәліметті бүгін парламентшілер алдына ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Теміржол саласын одан әрі дамыту және қайта құрылымдау мақсатымен өткен жылы 2008-2010 жылдарға арналған Кешенді шаралар жоспары қабылданған болатын. Салада экспорттық және транзиттік тасымалдың өсуін қамтамасыз етуге, маршруттарды оңтайландыруға, өңіраралық қатынасты дамытуға, жылдамдықты арттыруға, өзіндік құнды азайтуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырыла бастады»,- деді министр Ә.Құсайынов.Ұзақтығы 298 шақырым болатын Қорғас ? Жетіген жобасы Қытайға қарай теміржол өтпесінің екінші шекаралық торабын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ол Достық стансасының жұмысын едәуір жеңілдетеді. Министр бұл жұмыстардың осы жылғы шілде айында басталатынын жеткізді. Биылғы жылғы сәуірдің 12-сінде Ералиев ? Құрық теміржол учаскесінің құрылысы басталды. Оның мақсаты ? Каспий өңірінің жағалау инфрақұрылымын дамыту.
Министрдің айтуынша, Қазақстан, Түрікменстан және Иран елдерінің басшыларының тапсырмалары бойынша осы жылғы төртінші тоқсанда республикалық бюджет есебінен Өзен ?Түрікменстан шекарасы теміржол желісінің құрылысы басталады. Бұл жолдың жалпы ұзақтығы 678 шақырым болады. Оның ішінде Қазақстан аумағында 138 шақырымды құрайды. Солтүстік ? Оңтүстік халықаралық дәлізінің бөлігі болып табылатын бұл желі Қазақстанды Парсы шығанағымен тікелей қосатын болады.
Отандық көліктік машина жасауды дамытуға едәуір екпін берілді. Астанада локомотив құрастыру зауытының құрылысы аяқталып қалды. Іске қосылуы ? биылғы шілде айы. Петропавл қаласындағы «ЗИКСТО» АҚ жүк тиейтін жартылай вагондарын шығара бастады. 2010 жылы Екібастұзда жүк вагондары, Атбасарда электровоздар, ал 2011 жылы Алматыда жолаушылар вагондары шығарыла бастайды. Салаға қажетті қосалқы бөлшектер, ірі құйма тетіктерін өндіру қолға алынуда.