15:01, 07 Мамыр 2013 | GMT +5
Осындай қуатты армиясы бар мемлекеттің болашағы зор - Көкшетау тұрғыны
АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - «Осындай қуатты армиясы бар мемлекеттің болашағы зор», - деп бөлісті «Отар» 40-әскери базасында өткен әскери жауынгерлік парадтан кейінгі әсерімен ақын, Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Бауыржан Қарағызұлы.

«Бүгін Отар әскери полигонында өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери парадын теледидардан отбасыммен отырып тамашаладым. Бәрі өте жақсы өтті. Егемен еліміздің осындай күшті де қуатты әскері бар екені бойыңа қайрат беріп, мақтаныш сезімін ұялатады екен. Әсіресе ұшақтар мен тікұшақтар арнайы операциялар орындаған кезде кішкентай ұлдарым «Мен де осындай ұшқыш болғым келеді!» деп, қолдарын созып, үстелді айнала жүгіргенін қайтерсің!?», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
«Осындай қуатты армиясы бар мемлекеттің болашағы зор деп ойлаймын. Әрине, мұндай қаруларды тек бейбіт өмірде, сарбаздардың жаттығуында ғана көрейік, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!», - деп қосты Б. Қарағызұлы.