Осындай терең әрі мазмұнды дәрістер жиі болса екен
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазанның 13-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығы аясында барша қазақстандық жастарға арнап оқыған дәрісін тікелей эфир арқылы тамашалады. Университеттің бас оқу ғимаратындағы ҚР Тұңғыш Президентінің аудиториясында және оқу-тәжірибелік корпустағы үлкен мәжіліс залында барлығы 1500-ден астам адам жиналып,
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» тақырыбындағы дәрісін ұйып тыңдады. Мемлекет басшысының әрбір айтқан сөзінен кейін студент-жастар оған қошемет көрсетіп, Елбасының отандық білім-ғылым саласында батыл істерге үндеген бастамаларына қолдау білдіріп отырды. Президенттің бір жарым сағаттық дәрісінен кейін біз студент-жастарды әңгімеге тартып, олардың Н.Назарбаев көтерген мәселелерге қатысты пікірлерін білген едік.
Жандәулет Мыржықбаев, экономика факультетінің 3-курс студенті:
- Сөз жоқ, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының оқыған дәрісі бәрімізге ұнады. Менің бұл сөзіме барлық Еуразия ұлттық университетінің студенттері қосылады деп білемін. Елбасы бүгінгі қаржы дағдарысынан шығудың негізгі жолдарын қарапайы тілде, барлығымызға түсінікті етіп көрсетіп берді. Біз Қазақстанның бүгінгі бағыт-бағдарының дұрыс әрі айқын екендігін сездік. Бұған дейін мен Мемлекет басшымыздың «Дағдарыстан шығудың бес кілті» сияқты нақты іс-шараларды қамтитын бастамалары туралы оқыған едім. Ал бүгін ол туралы Елбасының өз аузынан естігеннен кейін, мүлдем басқаша әсер алдым. Президент болу аса үлкен жұмыс екендігін және жалғыз оған ғана сеніп отыруға болмайтындығын түсіндім. Менің бүгінгі замандастарым осыны ескеріп, мемлекеттің бізге жүктеп отырған жауакершілігін сезініп, бізге артылған үмітті ақтауға тырысулары қажет.
Шыңғыс Айтжанов, Инженерлік-құрылыс факультетінің 1-курс студенті:
- Шыны керек, Елбасының бүгінгі дәрісі бізге бір жылда барлық пәндер бойынша оқылатын дәрістердің жинағы іспетті. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзін күрделендірмей, бүгінгі әлемде және әлемдік қауымдастықта қалыптасқан жағдайды нақты әрі ұрымтал мысалдармен көрсете білді. Президенттің қазақстандық жастарға арнап айтқан әрбір сөзі шын жүректен шықты. Оны мен ғана емес сол кезде республиканың жетекші жоғары орындарында Елбасыны тыңдаған әрбір студент сезді деп ойлаймын. Әрине, біздер осындай терең әрі мазмұнды дәрістер жиі болса екен деп тілейміз.
Ардақ Асқаров, Әлеуметтік ғылымдар факультетінің 4-курс студенті:
- Бұл Президенттің өзі оқыған дәріс болғаннан кейін, оның қызықсыз болуы мүмкін емес. Ал Елбасының биылғы дәрісі Қазақстанның білім мен ғылымының қарашаңырағы - Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқылғандықтан, оның мазмұндық әрі академиялық ахуалы екі есе өсті деп ойлаймын. Себебі біз мынау Астанада отырсақ та, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сол жерде отырғандай болып тыңдадық. Дәрістен кейін Президент жастардың сауалдарына жауап берді. Президенттік өмірден түрлі қалжыңдар айтып, әңгіме-сұхбат құрды.