Отадан кейін дені сау, кәдімгі адамға айналдым – Жүрегін ауыстырған алматылық

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Осы жылдың шілде айында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да жүрегін ауыстырған 23 жастағы алматылық Данияр Байдулаев отадан кейінгі өмірі жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отадан кейін дені сау, кәдімгі адамға айналдым – Жүрегін ауыстырған алматылық
Фото: Институт кардиологии и внутренних болезней

Бала күнінен жүрек ауруына шалдыққан алматылық жас жігіт донорды 7 жыл күткен. Данияр Байдулаевтың айтуынша, жағдайы күн сайын жақсарып келеді.

«Өзімді қалыпты сезінемін. Күн сайын жағдайым жақсарып келеді. Отадан кейін дені сау, кәдімгі адамға айналдым. Айтарлықтай ешқандай өзгешелік жоқ. Күту тізімінде мен 2016 жылдан бері тұрдым және донорды 7 жыл күттім. Операцияға дейін физикалық белсенділікті көтере алмайтынмын. Арнайы жоспарым жоқ. Бірінші жылы толық қалпына келгім келеді, фитнес-залға барып, денемді шынықтырамын. Сондай-ақ жұмысымды өзгерткім келеді, бірақ мен нақты не істегім келетінін әлі шешкен жоқпын», - дейді Даниярдың өзі.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевтың сөзінше, іріктеу критерийлері бар: реципиент қан тобына, дене салмағының индексіне, бойына қарай таңдалады. Донордың салмағы реципиенттің салмағынан 30% - дан аспауы тиіс. Жүрек доноры 60 жастан аспауы керек. Өйткені мұндай жүректің кардиопатия мен жүрек жарақаты жоқ, қалыпты ЭКГ және ЭХОКГ бар қалпына келтіру үшін жеткілікті резерві бар.

«Қазір Данияр ауруханадан шықты, үйінде. Біз онымен күнделікті байланыстамыз. Трансплантациядан кейін пациентті бақылауда ұстау екі фазадан тұрады: ерте индукция және ұзақмерзімді қолдау жүргізу. Оң жақ қарыншаның эндомиокардиалды биопсиясы алынды, бұл – трансплантты қабылдамау диагнозын анықтау үшін аса қажет стандарт. Ағзаны қабылдамау диагнозының алдын алу мақсатында иммуносупрессивті терапия жүргізіледі. Даниярдың жағдайы жақсы», - дейді Рүстем Төлеутаев.

Айтуынша, Қазақстанда 2012 жылдан бастап ҰҒКО басшылығымен 90-нан астам донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. Бүгінде жүрек трансплантациясын күту парағында 140 ересек адам мен 7 бала бар.

Бұған дейін Алматыда қайтыс болған әйел 4 адамға донор болғаны туралы жазған едік.